Тайм менеджмент. Уақытты тиімді пайдалану
Тайм менеджмент.  Уақытты тиімді пайдалану

Құран Кәрімде "Ъаср" сүресі бар. "Әл-Мунтахаб" тәпсіріне сүйенсек, қазақша мағынасы: 

- [Қаншама игі іс жасалып, тамаша көріністер болып жатқан] Уақытқа серт беремін. [Ант етемін]. Кез-келген адамзат баласы өзінің нәпсісі мен кері қылығының кесірінен зардап шегуде. Дін ұстанғандар бір-біріне хақты насихаттап, Аллаға бойұсынып, жақсы іс істеп, өздерінің әрекеті мен сөздері арқылы қиындықтардан сабырмен шыға білгендер бұл өмірде де, келесі өмірде де жетістікке жетеді". 

Әхлі-сүннет жолындағы төрт мәзхабтың бірі Шафиғи мәзғабының негізін қалаушы, фикх білгірі, ғұлама, сөз шебері Имам аш-Шафиғ (Аллаһ оны рақымына бөлесін): "Адамзат баласына Құран Кәрім біз білетін 114 сүре түріндегі кітап ретінде емес, дәл осы "Ъаср" жалғыз өзі түскенде де жетіп артылатын еді" депті. Оның енді осы сүремен бірге мағыналық та діни тәпсірін арнайы әдебиеттерден оқи жатарсыздар. Мен сіздерге бұл жерде уақытқа қатыстысын айтып өтейін.

Біріншіден, Құран Кәрімнің бірнеше сүресінде Аллаһ Тағала әр түрлі заттарға ант беріп өтеді. "Онда тұрған не бар ант берсе?" дегендерге түсініктеме айтып өтейін. Мысалы, әр елдің президенті өз қызметіне кірісер алдын Конституцияны ұстап тұрып халыққа адал қызмет етуге ант береді. Әрбір жауынгер өз әскери қызметіне кірісерде бүкіл елдің алдында ант береді. Бұл - өте маңызды процесс. Ал оның алдына ант ретінде ұстап тұрған дүниесі - Конституция, ол да үлкен маңызға ие. Сол сияқты, Жаратқан Иеміз бүкіл адамзатқа түсірген нұсқаулығында уақытқа ант етуі - жәй бір көзбен қарап, ауызбен айта салатын дүние еместігін, ол оған ант беріп отырған анау-мынау емес әлемдерді Жаратушы екенін терең түсіну керек болады.

Екіншіден, мұсылман түсінігі бойынша, өлген адам қайта тірілген соң алғашқы сұралатын нығметтерінің бірі - уақыт екен. Яғни "Уақытыңды, яки өміріңді қалай өткіздің?" дейді. 

Үшіншіден, осы сүреде айтылған "Кері қылықтарының кесірінен адам баласы зиян шегеді" дегенде сол бүгінгі біздің басымыздағы уақытқа қатысты проблемалар айтылып жатса керек. Батыстың, АҚШтың психологтары мен бизнес-коучтарына қосылып, мұсылман тренерлер де бұл тайм менеджмент дегенді тігіннен де, көлденеңінен де зерттеп жатыр.

Солардың бізге термин ретінде ұсынған сөздері, біздің басқара алмай жүрген әрекеттеріміз мыналар: 

Приоритезация - әр істі өзінің маңыздылық деңгейіне қатысты жіктеу. Сәйкесінше, ең маңыздысын бірінші жасап, маңыздылығы төмен жұмысты, шаруаны ысыра тұру. Бұл шарт дұрыс орындалмағандықтан, біздер маңызы шамалы істерді алға қоямыз да күйіп тұрған мәселелерді кейінге шегеріп, артынан зардабын көріп жатамыз. Біреудің саған түк қатысы жоқ, немесе маңызы шамалы жұмысын мойынға іліп алып, өзіңнің дер кезінде жасалмай қалған жұмысың үшін запа шегу осының ішіне кіреді. 
[Бұл туралы толығырақ: Исламдағы приоритезация немесе неліктен жұрт дін бойынша өмір сүруді қиын көреді?]


Дедлайн - қандай да бір атқарылуы тиіс жұмыстың соңғы күнін, біту нүктесін нақтылау. Әдетте, "еріншектің ертеңі бітпес" деген мақал осы жерден келіп шығады.

Мақсат - өмірде ұмтылған, қалауыңдағы зат, күй, жағдай, қалып, мансап, арман. Депрессия, стресс осының жоқтығынан басталады.

Құндылық - мұнсыз тайм-менеджментті елестету мүмкін емес. Себебі, әр адам өзі сүріп жатқан өмірінің соқпағынан тайқып кетпеуі үшін басты маңызды құндылықтарын анықтап алып, соның аясында жүруі керек. Отбасылардың ажырауы, көңілсіздік, бір сарынды өмір мен беймазалық осы жерден туындайды.

Менің қазір сіздерге айтқым келетіні - осылардың ішіндегі маңыздыларының бірі, біздер ескер бермейтін қажетті тәсілдің бірі делегация.

Делегация - Маңыздылығы төмен немесе уақыт ұрлайтын азын-шоғын, анау-мынау жұмыстардың барлығын "Өзім істеймін" деп мойнына үйе бермей, басқаларға үлестіру, үйрету, жұмсау. Ештеңеге үлгере алмай, мұрыннан су кету, ақыр соңында "өртеніп кету" деген осыдан болады.

Енді, "Мұның дінге не қатысы бар?" дегенге келетін болсақ. Тайм менеджмент АҚШ пен батыс елдерінде қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізудің, бай болудың, жетістікке жетудің ең маңызды аспектісі ретінде дәріптеледі. Соның жолында миллиондаған кітаптар жазылды, зерттеулер жүргізілді, тренингтер болды. Бүкіл әлем қазір "Тайм менеджмент" деп тұр. Ал енді мұсылман ретінде біздің міндетіміз - Құран Кәрімнің өзінде айтылғандай уақыттың маңыздылығына баса назар аударып, оның осы және келесі өміріміздегі мәнісіне көңіл бөлу. Яғни, тайм менеджментті тек ақша тауып, материалдық жетістікке жету үшін ғана емес, Аллаһ қалағандай, оның разылығына ие болардай жетістікке жету үшін ұстану керектігі. Осы жерден діннің шарттары, әр намаздың өзінің уақытылы оқылуы, ораза, пітір садақа, құлшылық мезгілдері, мұсылманның әдебі, жүріс-тұрысы, өмір сүру стилі келіп шығады. 

Ендеше... Уақытымызға бекем болайық?!

Тимур Бектұр

құлшылық, уақыт, Құран, тайм менеджмент, Аср сүресі, Приоритезация, делегация
Тимур БектұрТимур Бектұр
8 жыл бұрын 9999
4 пікір
  • құдай-ау, сүнетті өзі тайм менеджмент емес пе? тек арпалысқа толы осы заманға сай уақытыңды жоспарлай алсаң болғаны
    8 жыл бұрын
  • Уақыт ең құнды нәрсе! Қиямет жақындаған сайын құны қалмай бара жатыр. Мына кеңесіңіз дәл уақытында керек-ақ екен. Рахмет!
    8 жыл бұрын
  • ойыңызды жалғастырсам, яғни адамдар тайм-менеджментті оздерінің өмірлік кішігірім мұқтаждықтарын өтеу үшін қолданады, осы әдісті зерттейді және т.б, ал бәлен есе қайырлы болған сауапты істерге неге қолданбасқа?
    8 жыл бұрын
  • Дедлайн мен делегациясы жақсы екен.Пайдалы жазбаңызға рахмет.
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
2791 18 24 144 10