"Тайм менеджмент және Ислам" сериясынан. Бұл көлемді тақырыптағы жазбамның алғашқысы мына жақта: "Тайм менеджмент және Ъаср сүресі"
Өздеріңіз білесіздер, "Тайм менеджмент деген не?" деп келетін сұраққа қысқа да нұсқа жауап: Приоритезация! Ал "Приоритезация деген не?" деп келетін сұраққа жауап берер болсақ, приоритезация деген жасалуы керек істер мен шаруалар һәм әрекеттердің әрқайсысын маңыздылығы бойынша бөлу, жіктеу, саралау.
Батыстық ілім бойынша приоритезацияның бірінші түрі:
First things frist. Бірінші кезекте бірінші кезектегі дүние.
Екінші түрі:
Urgent - Important (Жедел және маңызды істер)
Urgent - Not Important (Жедел және маңызсыз істер)
Not Urgent - Important (Жедел емес, маңызды істер)
Not Urgent - Not Important (Жедел де емес, маңызды да емес)
Осы приоритезацияны дұрыс ұстанған адамдарды Батыста Successful яғни "успешный" һәм "жетістікке жеткен" адам дейді. Ондағы жетістік ақша мен мансап және абырой деңгейінде өлшенеді. Осымен бітті. Финита ля комедия.
Көріп отырсыздар, бұл жерде өмір сүрудің формуласы берілгенімен, оның ішін толтыруды әркімнің өзіне қалдырады. Өзім куә болып және жеке басымдағы тәжірибеден байқағаным, адамдар Тайм менеджмент туралы таңды таңға соқтырып айта беруге бар да оны нақты іске асыруда бұғып қалады. Көзім жеткен себептердің бірі, адамдар көп жағдайда приоритеттерді шатастырып алады. Яғни, ненің маңызды ненің маңызсыз екенін білмейді. Нәтижесінде, жеке және отбасындағы, одан ары қоғамдағы түрлі түсініспеушіліктерге, қайшылықтарға, ұрыс-керістерге соқтырып жатады. Бір ғана мысал: қай жерден мораль бітіп, қай жерден амораль басталатынын білмеу, айтса да ұқпау.
Ал енді Ислами приоритезацияға келетін болсақ, ол - ғылымхал кітаптарында "Мұсылман жауапкершілігі" деп келеді. [Қ.Жолдыбайұлы М.Исаұлы "Ислам ғылымхалы", 40 бет]
Олар:
1. Парыз - міндетті. Терістеу - діннен шығарады.
2. Уәжіп - міндеттілігі жағынан сәл кем түседі.
3. Сүннет - Пайғамбардың айтқаны мен істері.
4. Мұстахап - таңдаулы, ең көркем амалдар.
5. Мүбаһ – жасалуы мен жасалмауында діни жағынан ешқандай тосқауыл болмаған, яғни жауапкердің еркіндегі іс-әрекеттер. Мәселен, тамақ ішу, ұйықтау, т.б.
6. Харам - жасалуы мен пайдалануы Исламдық тұрғыдан қатаң тыйым салынған нәрселер.
7. Мәкрүһ - дін тұрғысынан ұнамсыз, жаман іс-әрекет.
8. Мүпсид - басталған ғибадатты бұзатын нәрсе. Мүпситтің әдейі жасалуы күнә тудырады. Қателесіп жасаса, күнә жоқ. Намазда өз-өзін ұстай алмай күлу секілді іс-әрекеттер осыған жатады.
Бұл анықтамалар, әрине, өте қысқаша түрде берілді. Егер, әр приоритетке үңілсек, Ислам бойынша өмір сүрудің нақты келбеті ашыла түседі. Алайда, оны енді әркімнің өз құзіретіне қалдырдым. Өйткені, ол мешіт-медреселерде оқытылатын кәдімгі курс. Ғылымхалдың өзегі. Мұсылманның өмір сүру стилі. Қызықтың барлығы сол жерде жатыр.
Ал енді осы аталған 8 жауапты міндетті яғни приоритезацияны дұрыс баланс ұстау - бұл енді шеберлікті қажет етеді. Ол шеберлікті Исламда "тақуалық" деп атайды. Ондай шеберлікке жеткен адамдар туралы мұсылмандар "тақуа" дейді. Ондағы жетістік бұл өмірдің меркасымен ақша мен мансап және абырой деңгейінде өлшенсе, ақыреттің меркасында "Алланың разылығына ие болған" деген атаққа үміт етіледі. Исламның ең қызық әрі әдемі тұсы да сол, Алланың разылығына жеттің бе, жоқ па, оны жаныңды тапсырған соң білесің. Яғни комедия бұл өмірмен бітпейді. Тиісінше, тайм менеджментті тек осы өмірің үшін емес, арғы өмірің үшін де пайдаға асыру керексің. Ол енді үнемі жетілуді, үнемі ізденуді, үнемі оқуды, үнемі жандануды қажет ететін "evergoing"-мәңгілік процесс.
Сөз соңында тақырыптағы сұраққа жауап бере кетсем. Неліктен жұрт дін бойынша өмір сүруді қиын көреді? Өйткені, өздеріңіз бұл жазбадан байқағандай, батыстық (діннен былайғы деп оқу керек) стильде әр нәрсенің маңыздылығын адам өзі қояды. Жауапкершілікті әркімнің өзінің ұстанымына қалдырады. Сондықтан, ол жалпы жұртшылық үшін еркін. "Не істесе де өзінің құқы!" деген мәселе осы жерден шығады. Ал ислами приоритезацияда барлығы Алланың тарапынан шегеленген. Бұл дегенің, әр адам "Мынау маған парыз, мынау маған харам" деп ойдан бірдеңе шығарып ала алмайды. Құран Кәрім мен Хадис Шәріп әрбір мұсылман баласына шариғат арқылы қалай жүріп-тұру керектігін, не ішіп-жеу керектігін, қандай әрекет абзал не тиым салынғанын қадағалайды. Өйткені, Аллаһ Тағала "Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым. (Зарият сүресі-56)" дейді. Міне, осыдан келіп мойнына жауапкершілік алғысы келмейтін адамдар дін үкімдерін орындауға келгенде салғырттық танытып, қисая бастайды.
Алайда, әрбір адам әлемдерді Жаратқан құдіреті күшті Алланың өз құлдарының қалай жүріп-тұрғаны дұрыс екендігін әу бастан білетіндігін, және соған мойынсұнғанда ғана өмірі жеңілдей түсетінін ұқса ғой...
Осы орайда біздің міндетіміз - сондай кемелдікке ұмтылуымыз керек.
(Өзімнің еркін ойларым. Дұрыс болуын Алладан тілеймін).
Тимур Бектұр